160 мыңға жуық жолаушы «Бригадир конверті» пойыздарымен пошта хат-хабарларын жеткізу бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметін пайдаланды.
Хат-хабарды жөнелтуші мен алушы туралы мәліметтерді (жеке басын куәландыратын деректерге сәйкес ТАӘ, ұялы/қалалық телефон нөмірі, Қазақстан аумағы бойынша жөнелту және тағайындау станциясы, пошталық мекенжайы, алушының ТАӘ) көрсете отырып, жөнелтушіден хат-хабарды оралған және мөрленген түрде (пойыз бастығының қатысуымен мөрленеді) пойыз бастығы қабылдайды.
Конверт көлемі А4 форматынан аспауы және ені 3 см-ге дейін болуы тиіс. Қызмет құны - 1000 теңге. Пойыз бастығы түбіртек пен чек береді. Конвертті алар кезде қарсы алушының өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс.
Талап етілмеген «Бригадир конверті» жөнелтуші/алушы қайтару туралы хабарлаған күннен бастап 30 жұмыс күні сақталады. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін т/ж учаскесінің жауапты тұлғасы талап етілмеген «Бригадир конверті» жөнелтушінің көрсетілген мекенжайына хабарлама жібере отырып, пошта арқылы жібереді.
Маңызды хаттарды, шарттарды, шоттарды және басқа да шұғыл құжаттарды жіберу немесе алу әлі де сұранысқа ие, сондықтан Ұлттық тасымалдаушы «Бригадир конверті» қызметін пайдалануды ұсынады.