Шеті шексіз үстірт (аумағы 200 000 ш/ш) үш елдің - Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерін алып жатыр. Үстірттің шөл даласынан жолай қосылып, үлкен керуенге айналған жібек жолы өтетін. Сол жолдың бойы сонау тарихтан сыр шертетін мазарлар мен кесенелерге толы. Ғалымдардың кейбір айтқандарына сүйенсек, осы геологиялық құрылымнан Азия мен Еуропаның шекарасы өтеді.
Үстірт - бұл әр жерінде сексеуіл және басқа да өсімдіктері бар шөл дала. Кепкен сары батпақ, әк немесе бор тектес топырақ басқан, жарылған кей жерлері терең құзға айналған мекен. Қақыраған тұстарындағы қабырғаның ұзындығы 400 метрге дейін жетеді. Үстірттің беткі қабаты кейде көк түстен күлгін, тіпті аппақ өңге дейін өзгеріп отырады.
Үстірттің Қазақстандағы аумағы Маңғыстау облысында жатыр. Оның көлемді бөлігі (223 мың га) мемлекет қарауында. 1984 жылы мұнда мемлекеттік табиғи қорық құрылды. Ғажап мекеннің табиғаты мен тіршілік иелері қорғауға алынды. Әсіресе қызыл кітапқа енген өсімдіктің 5, құстың 11, сүтқоректілердің 9 түрі айрықша бақылауда.
Үстірт - осы күнге дейін аз зерттелген және халық сирек қоныстанған мекен. Табиғатының жақсы сақталуы да сондықтан болар. Археологиялық құпиялары мен сұлу көріністері әлемнің әр түкпірінен саяхатшыларды өзіне шақырады.