Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің демалыс өткізетін орындарға барып, қайтуы үшін темір жол көлігімен жылына бір рет тегін жол жүруіне құқық беру ережесі
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің еңбек демалысын өткізетін орындарға бір рет тегін барып, қайтуы үшін темір жол көлігімен жылына бір рет тегін жүруіне құқық беру ережесі (бұдан әрі – ереже) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі №20–06/3623 тапсырмасын орындау үшін әзірленді.
1.2. Осы ереже әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің еңбек демалысын өткізетін орындарға бір рет тегін барып, қайтуы үшін темір жол көлігімен жылына бір рет тегін жүру тәртiбiн айқындайды.
2. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің темір жол көлігімен тегін жол жүруіне құқық беру тәртібі
2.1. Еңбек демалысын өткізетін орындарға темір жол көлігімен тегін барып, қайту құқығы Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңында айқындалған және №1 қосымшада көрсетілген әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне жылына бір рет беріледі.
2.2. Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнің демалыс өткiзетін орындарға темiр жол көлiгiмен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының (бұдан әрi – Тасымалдаушы) республикаiшiлiк қатынастағы жолаушылар пойыздарымен жылына бiр рет тегiн барып, қайтуына құқық берiледi.
2.3. Әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiне темiр жол көлiгiмен тегiн жол жүру құқығы олар әскери қызметшiмен бiрге жол жүрген жағдайда ғана берiледi.
2.4. Әскери қызметшілердің демалыс өткізетін орындарға жылына бір рет тегін барып, қайту құқығы бар отбасы мүшелеріне жататындар:
- жұбайы (зайыбы);
- 18 (он сегіз) жастан аспаған балалары;
- әскери қызметшінің асырауындағы ата-анасы, олар 1-2 санаттағы мүгедектік болған жағдайда.
2.5. Тегін жол жүру құқығы, мүгедектігі бар балалар мен оны алып жүретін ата-анасының біреуін қоспағанда, «плацкарт» санатындағы жолаушылар вагондарына беріледі. Бұл ретте вагонның санатын жақсарту әскери қызметшінің ақшалай қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мүгедектігі бар балалар мен оны алып жүретін ата-анасының біреуіне «купе» санатындағы вагондармен тегін жол жүру құқығы беріледі.
2.6. Тегін жол жүру құқығы жол жүру құжаттарын ресімдеу кезінде әскери қызметші мен оның отбасы мүшелерінің демалыс өткізетін жеріне барып, қайтуы кезінде жол жүру құқығын растайтыны туралы анықтама (№ 2 қосымша) (бұдан әрі – әскери талап) негізінде беріледі. Әскери талапта 14 (он төрт) цифрдан тұратын нөмірлер қойылуы тиіс, оның ішінде алғашқы 4 (төрт) цифр – ведомствоның коды, ал қалған 10 (он) цифр – анықтаманың тіркелген реттік нөмірі. Ведомствоның коды №1 қосымшада көрсетілген. Бұл ретте әскери талаптың «ТАСЫМАЛ МАҚСАТЫ» деген жолында «ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ДЕМАЛЫС» деп көрсетілуі қажет. Егер әскери қызметші отбасы мүшелері тұратын жерден басқа жерде (қалада) қызмет ететін жағдайда, екі әскери талап беріледі, яғни: біреуі әскери қызметшіге отбасы мүшелері көрсетілмей, ал екіншісі отбасы мүшелеріне беріліп, әскери қызметшіге жол жүру құжат ресімделмейді. Әскери қызметші мен отбасы мүшелерінің баратын жерлері екі әскери талапта да бірдей болуы тиіс. Отбасының екі мүшесі де әскери қызметші болған жағдайда әскери талап олардың біреуіне ғана беріледі.
2.7. Әскери талаптарда мынадай мәліметтер дұрыс да анық көрсетіледі: - жеке басын куәландыратын құжаттардағы деректерге сәйкес әскери қызметшінің әскери атағы, тегі және аты-жөні, - әскери қызметшілердің отбасы мүшелері үшін – туыстық қатысы, тегі, аты-жөні, кәмелетке толмаған балаларының туған күні; - темір жол станцияларының аттары және жол жүру бағыты көрсетіледі.
2.8. Жауапты тұлға қол қойған әскери талап пен оның түбіртегі оны берген ведомствоның (әскери бөлімнің) елтаңбалы мөрімен куәландырылады.
2.9. Әскери талаптарға қол қоятын лауазымды тұлғалар олардың берілу заңдылығына, онда көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыстығы мен дәлдiгiне жауапты болады.
2.10. Тегін жол жүруге арналған жол жүру құжаттары тасымалдаушының билет кассаларында және (немесе) министрліктер мен ведомстволардың жауапты тұлғалары тарапынан «АрнайыАЖО» арнайы автоматтандырылған жұмыс орны арқылы да ресімделеді.
2.11. Жол жүру құжаттарын ресімдеу кезінде жол жүру құжатын сату рәсімін ұйымдастырғаны үшін алынатын комиссиялық алым әскери қызметшінің ақшалай қаражаты есебінен төленеді.
2.12. Әскери қызметшi тегiн жол жүруден бас тартқан жағдайда, жол жүру құжатын тасымалдаушының билет кассасына қайтарады да жол жүру құжатын қайтару операциясы үшiн алынатын комиссиялық алымның әскери қызметшiнiң ақшалай қаражаты есебiнен төленгені туралы ақпараты бар әр түрлi алымдар түбiртегiн алады. Бұл ретте әскери қызметшіге пайдаланылмаған жол жүру құжаттарының ақшасы мен сату рәсімін ұйымдастырғаны, жол жүру құжатын қайтару операциясы үшін алынатын комиссиялық алымдарға төленген ақша қаражаты қайтарылмайды және бұған әскери қызметші белгіленген тәртіппен қайтарылатын тегін жол жүру құнынан тыс төлеген қосымша ақылар кірмейді.
2.13. Бұған дейін ресімделген жол жүру құжаттары қайтарылған жағдайда, әскери қызметшіге әскери талапты қайта беру шешімін сол әскери қызметші қарамағында болатын лауазымды тұлға бұған дейін ресімделген жол жүру құжаттарының қайтарылғаны туралы ақпарат көрсетілген әр түрлі алымдар түбіртегі болған кезде қабылдайды.
3. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тегін жол жүруіне арналған бюджетті белгілеу тәртібі
3.1. Қарамағына әскери қызметшiлер кiретiн министрлiктер мен ведомстволар тегiн жол жүру құқығы берiлетiн жылдың алдындағы 1 желтоқсаннан кешiктiрмей тасымалдаушыға әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң тегiн жол жүруге деген қажеттiлiгiн алдағы жылдың жарты жылдығына тасымалдаушы белгiлеген нысан бойынша жiбередi.
3.2. Тасымалдаушы әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тегін жол жүруіне арналған ақшалай қаражатты министрліктер мен ведомстволарға, яғни «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ) бөлген қаражат шеңберінде жалпы қажеттілігіне пара-пар бөледі.
4. Қорытынды ережелер.
4.1. Темір жол көлігімен тегін жол жүру құқығы жоғарыда көрсетілген мақсатты іске асыру үшін тасымалдаушыға берілген «ҚТЖ» ҰК» АҚ қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен және соның шегінде беріледі.
4.2. Бөлінген ақша қаражаты тасымалдаушының шотына түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тасымалдаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның корпоративтік шешімі болған жағдайда министрліктер мен ведомстволарға тегін жол жүру құқығын беру басталғаны туралы хабарлама жібереді.
4.3. Тасымалдаушы есепті кезеңнен кейінгі әр айдың 10-нан кешіктірмей «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға министрліктер мен ведомстволар бойынша әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тегін жол жүруіне ресімделген жол жүру құжаттары, жолаушылар саны, жол жүру маршруты және жол жүру сомасы туралы ақпарат береді.
4.4. Тасымалдаушы министрлiктер мен ведомстволардың сауалы бойынша әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң тегiн жол жүруiне бөлiнген ақша қаражатының игерiлуi туралы жиынтық ақпарат бередi.
4.5. Министрлiктер мен ведомстволарға бөлiнген ақша қаражатының қалдық сомасы – 5% мөлшерге жеткен кезде тасымалдаушы өзiнiң билет кассаларына әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiне жол жүру құжаттарын ресiмдеудi тоқтата тұру туралы нұсқау беріп, бұл жөнінде тиiстi министрлiктер мен ведомстволарды хабардар етеді.
4.6. Әскери қызметшiлер мен олардың отбасы мүшелерiнiң тегiн жол жүруiне бөлiнген ақша қаражатын министрлiктер мен ведомстволар арасында осындай қайта бөлуге қатысы бар деген мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың келiсімімен қайта бөлуге жол берiледi. 4.7. Осы ереже 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. _________________________