"Нұр-Сұлтан – Жезқазған" бағытындағы №65/66 алғашқы жолаушылар пойызы Ұлытау облысына келді.
Тальго вагондарынан тұратын құрам Нұр-Сұлтаннан жұп күндері, Жезқазғаннан тақ күндері қатынайтын болады.
Бұған дейін, осы жылдың 5 қыркүйегінде "Алматы-2 - Жезқазған" қатынасындағы №73/74 пойызы іске қосылған болатын.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжановтың айтуынша, аталған пойыздарды іске қосу Қазақстанның мегаполистерімен жаңа өңірдің көліктік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Елордадан келген жаңа пойыз барлық заманауи талаптарға сай және қажетті жабдықтармен, соның ішінде ауа баптау жүйесімен және биоәжетханамен жабдықталған. Жол жүру кезінде жолаушыларға фильмдер көріп, музыка тыңдау үшін"Vputi.kz" мультимедиялық порталға кіру мүмкіндігі беріледі. Гранд класты вагондардың жолаушылары душ кабиналарын қолдана алады.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ жаңа пойыздарға билеттер сатылымының ашылғаны туралы хабарлайды және жолаушыларға BILET.RAILWAYS.KZ сайты немесе "ҚТЖ билеттері" мобильді қосымшасы арқылы комиссиясыз онлайн сатып алу рәсімін ұсынады. Сондай-ақ, "Күту парағы"электрондық кезегін пайдалану ұсынылады.