Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ инфрақұрылымды жөндеу бойынша жұмыс көлемін ұлғайтуда. Жекелеген учаскелердегі жолдың тозуы қозғалыс жылдамдығын шектеуді енгізуді талап етіп, жолаушылар мен жүк пойыздары қозғалыс кестесінің өзгеруіне алып келеді. Пойыздар қозғалыс кестесіне көп сағаттық технологиялық «толаскез» (жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыты) де әсер етеді.
Мәселен, Астана – Алматы, Алматы – Петропавл, Шымкент – Астана, Жезқазған – Алматы, Алматы – Орал қатынасындағы пойыздар кешігуі мүмкін.
Қазіргі кезде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Семей және Алматы өңірлерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің шекарасындағы Аршалы – Бабатай учаскесінде рельстік тіректерді үздіксіз ауыстыру жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап Мойынты – Қарағанды – Астана учаскесінде ластанған балласты тазарту, ескірген темірбетон шпалдарын ауыстыру, көп сағаттық «толаскезді» өткізу арқылы рельсті торлардың тұтастығын қалпына келтіру және т.б. бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің учаскелерінде жолды күрделі және күшейтілген орташа жөндеу аяқталды.
Жалпы, 2023 жылы ҚТЖ желісінде әр түрлі жөндеу түрлерімен 1114 км. астам магистраль жаңартылады. Сондай-ақ бағыттамалық бұрмалардың 634 жиынтығын ауыстыру көзделіп, 108 мыңнан астам ағаш шпалдарды ауыстыру жоспарланған.
Компания жолаушылардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және қазіргі жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жөндеу жұмыстарын жаппай жүргізу жағдайында жолаушылар пойыздары қозғалысының нормативтік кестесін сақтау бойынша тәулік сайын шаралар қабылданады.
Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша анықтамалық ақпаратты «1433» тегін нөмірі және «KTZH_PP_BOT» Телегармм боты арқылы алуға болады.