Бүгін елордалық вокзал перронынан Астана – Алматы бағыты бойынша көктемгі жаңару мейрамы - Наурызға арналған №3/4 Тальго тақырыптық жолаушылар пойызы алғашқы рейске аттанды. Құрам вагондары этностильде безендірілген. Іс-шараның басты мақсаты – пойыз сапарларын жайлы, қызықты және танымдық ету.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов пен «Экспресс» филиалының басшылары алғашқы жолаушыларға «Сәтті сапар» тіледі.
Мерекелік құрам күн сайын 2023 жылғы сәуір айының соңына дейін жүреді. Тальго этнопойызы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен Алматы қаласы әкімдігінің бірлескен жобасы. Бұл «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның алғашқы тақырыптық пойызы емес. Жаңа жылдық мерекелердің алдында Астана-Бурабай курорты бағытында жүретін құрам безендірілген болатын.