Алакөл курорт аймағы бағытында т/ж билеттерін сату бойынша жағдай туралы

Бүгін БАҚ өкілдері үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының маркетинг және сауда жөніндегі орынбасары Виктор Бошманның қатысуымен жазғы мезгілдегі билет сату мәселелері бойынша брифинг өтті.

Алакөл курорт аймағы бағытына теміржол көлігімен жолаушылар тасымалы бойынша халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін биыл 9 бағдар қатынасын іске қосу қарастырылған: 

Нұр-Сұлтаннан:

- № 54/53 «Нұр-Сұлтан НЖ-Достық» (жыл бойына), тасымалдаушы - «Жолаушылар тасымалы» АҚ (дүйсенбі, жұма);

- № 258/257 «Нұр-Сұлтан-1-Достық» (20.06.21 ж. бастап), тасымалдаушы -«Жолаушылар тасымалы» АҚ (бейсенбі, жексенбі);

- №122/6942/6941/121 «Нұр-Сұлтан-1-Достық» пойыздары құрамындағы ауыстырып отырғызбайтын вагондар (жыл бойына), тасымалдаушы - «АрайТрансKZ» ЖШС (жұп күндері).

Алматыдан:

- № 255/256 «Алматы-Достық» (18.06.21ж. бастап), тасымалдаушы - «Vagon Service Almaty» ЖШС (сәрсенбі, жұма, жексенбі);

- № 453/454 «Алматы-2-Достық» (жазғы 18.06.21 ж. бастап)  тасымалдаушы - «Туран Экспресс» ӨК ЖШС  (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма);

     - №21/6942/6941/22 Алматы-1-Достық пойыздары құрамындағы ауыстырып отырғызбайтын вагондар (жазғы), тасымалдаушы -  «Жолаушылар тасымалы» АҚ (жұп күндері).

         ШҚО-дан:

- №457/458 «Семей-Достық» (жазғы 17.06.21ж бастап), тасымалдаушы  -«Жолаушылар тасымалы» АҚ (тақ күндері);

- №459/460 «Өскемен-Достық» (жазғы 17.06.21ж бастап), тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ (тақ күндері);

- №6941/6942 «Ақтоғай-Достық» (жыл бойына), тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ (күн сайын).

Виктор Бошман Алакөл курорт аймағы бағытына билет сату бойынша жағдай ұдайы бақылауда екенін және билет сату барысына үнемі мониторинг жүргізілетінін жеткізді.

- Сатылымда билет болмай қалған кезде көбіне алыпсатарлар барлық орынды сатып алады деген пікір тарайды. Бірақ шынында олай емес. Бүгінде теміржол билеттерін сатудың электронды жүйесі жетілдірілген және авторизацияланған тұтынушылардың билетті қайта ресімдеуіне жол берілмейді. Билеттерді сатып алу үдерісі айқын көрініп тұрады және билетті қайта сатумен байланысты заңға қарсы әрекеттерді жүзеге асыру мүмкін емес, - деп атап өтті ол.  

Виктор Бошман билеттерді туристтік агенттіктердің сатып алуы бойынша екі мүмкіндік бар екенін жоққа шығармайды: біріншісі, таңертең билет сатылымы басталған кезде сатып алу және екіншісі, жеке тасымалдаушылар вагондарындағы орындарды клиенттерге ұсыну. 

- Туристік агенттіктерге тікелей билет сатылмайды, деп Виктор Бошман бүгінгі таңда Алматы жақтан орындар жетіспеушілігі байқалып отырғанын айтты. Күн сайын Алматыдан Алакөлге және кері бағытта 728 орынға дейін ұсынылады. Қазіргі таңда Алакөл бағытына ұсынылған 76156 орыннан 45 446-сы бойынша билеттер сатылып кетті, бұл «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен жеке тасымалдаушыларды қоса алғандағы көрсеткіш, ал еркін саудада 30 мыңға дейін орын бар.

Электронды билеттерді сатудың ұлттық жүйесіне көшкелі бері сату каналдары 15 интернет-сайт, 30 мыңға жуық өзіне өзі қызмет ету автоматтары, пошта бөлімшелері және т.б арқылы сатуды ұйымдастыру жолымен кеңейтілді. Орындарды «аулау» мүмкіндігі жоқ, электронды «Күту парағы» қызметі енгізілді. Билет қайтарылған жағдайда  бірден жүйеге түседі және автоматты түрде алдымен Күту парағына бағытталады немесе еркін саудаға түседі, яғни қайтарылған билетті бірден сатып алу мүмкін емес. Күту парағына кезек те автоматты түрде адами факторсыз реттеледі.

      - Мәселен, билетті WWW.BILET.RAILWAYS.KZ сайтынан сатып алу кезінде бір адам өз есептік жазбасына тек 10 жолаушыға дейін билет ресімдеуге құқылы. Көп билетті ресімдеп немесе қайтарар болса тұтынушының есептік жазбасы блокталады. Бұл шара 2019 жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді және ол т/ж билеттерін заңсыз алып сату фактілерін болдырмау мақсатында іске қосылған, - деп атап өтті ол. 

Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан теміржол билеттерін WWW.BILET.RAILWAYS.KZ сайты арқылы онлайн немесе «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасын қолдану арқылы сатып алуды сұрайды. Билеттерге сұраныс артатын кезеңде ең қажетті бағдарлар бойынша билеттер болмаған жағдайда жолаушылар WWW.BILET.RAILWAYS.KZ  сайтындағы  немесе билет кассаларындағы «Күту парақшасы» электронды қызметін пайдалануына болады.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап билеттерді алып-сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылғанын естеріңізге саламыз (айыппұл сомасы 100-ден 500 АЕК-ге дейін көбейтілді).

«ҚТЖ» ҰК» АҚ билеттерді алып-сату/заңсыз сату фактілеріне куә болған жағдайда жолаушылардың азаматтық позиция танытып, бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауын өтінеді.