Ұлттық тасымалдаушы жолаушылар вагондарын жазғы кезеңдегі тасымал қызметіне дайындау жұмыстарын аяқтады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жаз мезгіліндегі жолаушылар тасымалына 2 мыңға жуық вагондарын дайындап отыр. Соның ішінде «Тальго» вагондарының саны 700-ден асады, стандарт типтегі вагондар 1,1 мыңды, электр дизельді пойыздардың вагоны 108-ді құрайды. Биыл 1 маусымға дейін Ұлттық тасымалдаушының барлық вагондары жазғы жұмыстар үшін міндетті жоспарлы дайындықтан өтіп болады.

Вагондардағы сумен жабдықтау жүйесінің дұрыс жұмыс істеп тұрғаны тексерілуде және электр жабдықтары да қаралып, жіті тексеруден өткізілуде, ауа желдеткіш және ауа баптау жүйесін қайта іске қосу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда.

Вагондардың 80%-ға жуығы ауа баптау жүйесімен қамтамасыз етілген. Зауытта құрастырылғанда 400 вагонда ауа баптағыштар қарастырылмаған. Мұндай вагондар түнгі уақытта қатынайтын пойыздарға қойылады.    

Одан бөлек вагондардың ішінде тамбурларды, жылыту жүйелері құбырларын сырлау жұмыстары жүргізілуде. Вагон шанақтарының сырты жуылып, әрбір рейс алдында құрам залалсыздандырылады, айына бір рет дезинсекция  және дератизация жұмыстары жүргізіледі.

Пойыз бригадалары жазғы уақыттағы тасымал жұмыстарының ерекшеліктеріне қарай арнайы нұсқаулықтан өтеді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жаз мезгілінде 4,5 млн-ға жуық жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр.